СӨЙЛЕГЕН ТҮЙЕ ЖАЙЛЫ ОҚИҒА Бір күні яһудилердің бірі, екі өтірікші куәгер табады да пайғамбарымыздың жанына барып былай дейді:  -Ей Мұхаммед! Сахабаларыңнан пәлен кісі менің түйемді ұрлап алды. Оны көрген куәлар да бар, міне олар.  Пайғамбарымыз куәлардан сұрағанында “иә, дұрыс айтады” деп растады. Кейін сахабаларынан болған ол кісіні шақыртып оған былай дейді:  -Саған шағым түсті.  -Не болды, Йа Расулаллаһ?  -Сен осы өткен түнде түйе ұрлапсың.  -Мен бе, кімнің түйесін?  -Міне, мына яһудидің түйесін.  -Ол түйені мен сатып алдым, ұрлағаным жоқ.  -Жарайды, ал сенің сатып алғаныңды көрген куәгерлер бар ма?  -Ей расулаллаһ мен осы біраз бұрын ғана алдым, әлі ешкім көрген жоқ.  -Мына куәлар түйенің яһудидікі екендігін айтты. Сондықтан түйе яһудиге беріледі.  Осы кезде бұл мүбәрәк сахаба Пайғамбарымыздан “Ей расулаллаһ! маған аз уақыт бересіз бе?”-деп өтінеді. Кейін мешіттің бір бұрышына 2 рәкат намаз оқып қолын ашып дұға етеді: «Йа Раббым! Мен күнде жатар алдында пайғамбарымызға 10 салауат оқимын. Йа раббым егер сенің құзырыңда осы оқыған салауаттарым қабыл болған болса, мені бұл қиыншылықтан құтқара гөр! Мен бұл түйені сатып алдым, бірақ куәгерлер яһудидікі екенін айтуда.»  Сахаба қайтып келгенінде түйе орнынан тұрып “Ей расулаллаһ! Бұл яһуди өтірік айтып тұр. Мен мына кісінің түйесімін.” деп тілге келеді.  Түйенің сөйлегенін көрген яһуди және куәгерлері қорққандарынан тұра қашады. Олар кеткеннен кейін пайғамбарымыз мұның себебін сұрағанында сахаба былай дейді:  -Ей расулуллаһ! Менің бір әдетім бар! Әр түні жатудан алдын сізге 10 салауат айтамын. Алла Тағала бұл 10 салауатты қабыл етіп, түйеге тіл бітірді.  Сонда пайғамбарымыз былай деп бұйырды:  -Сенің маған әр түні 10 салауат оқығаның үшін Алла Тағала дүниеде кезіңде сені бұл қиыншылықтан құтқарғанына қарағанда ахыретте жаһаннам отынан да құтқарады.

Теги других блогов: құтқару пайғамбарымыз сахабалары